Басты бет » Қызметі » Жаңалықтар » Баспасөз релизі

Баспасөз релизі

Қазақстанның Қаржы мониторингі жүйесі заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің халықаралық талаптарына сай болуын бағалау миссиясына дайындық үстінде.

 

Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАТ) Пленарлық отырысының шешіміне сәйкес үстіміздегі жылғы шілде айында Қазақстанның қаржы мониторингі жүйесінің ФАТФ талаптарына сай болуын ЕАТ тарапынан бағалау жұмыстары өткізілмек. Осыған орай бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Бүкіләлемдік банк, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, Халықаралық валюта қоры және ЕАТ Хатшылығымен бірлескен, заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің халықаралық талаптарына сай болуын бағалау миссиясына дайындық іс-шараларын талқылауға арналған семинар басталды.

 

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының, Жоғарғы сотының, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің, Туризм және спорт министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық банкінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, сонымен бірге Қаржы министрлігінің Салық комитетінің, Кедендік бақылау комитетінің, Қаржы мониторингі комитетінің өкілдері қатысқан аталмыш шараны Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Мүсірәлі Өтебаев ашты. Басқосуда ЕАТ-ның хатшылығының өкілі Сергей Тетеруков мырза арнайы баяндама жасап, ЕАТ-ның өзара бағалау жұмыстарының процедурасы бойынша аталған мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне арнайы түсініктемелер берді.

 

Екі күнге созылатын семинарда Бүкіләлемдік банктің бас маманы Клаудио Стролиго, Халықаралық валюта қорының өкілдері Джузеппе Ломбардо және Росио Ортиз Эскарио баяндамаларында өз тәжірибелерімен бөлісіп, қаржы саласындағы заңсыздықтардың алдын алу және онымен күрес мәселелеріне қатысты кең ауқымды тақырыптарды талқылайды. Ең бастысы еліміздің қаржы мониторингі жүйесін ФАТФ үлгілерімен салыстыра отырып, тыңдармандарға кеңестер беру жоспарланып отыр.